Қазақстандық банктер Төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтардың несиесін үш ай кейінге шегеруге міндетті болады.

Сондай-ақ ай сайынғы төлемді 50 және одан да көп пайызға төмендетуі қажет. Бүгін Сенат депутаттары азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылады. Құжатта мерзімді әскери қызметшілерге қарыз беруді шектеу көзделген. Сонымен қатар енді өзге адамға несие алып бере алмайсыз. Мәселен, кредит алуға алғаш рет жүгінген азаматтың банк бөлімшесінде немесе микроқаржы ұйымында міндетті түрде өзінің қатысуы керек болады.

Осылайша, алаяқтардың арбауына түспейсіз. Ал отандық қаржы секторының «тамырына қан жүгірту» үшін елде шетелдік банктерді ашу кезінде талаптар жеңілдетіледі. Мысалы, қажетті құжаттардың тізбесі оңтайландырылады. Банктерге қосымша қызметпен айналысуға рұқсат етіледі. Айта кетейік, Сенат депутаттары 24 түзету енгізіп, заңды пысықтау үшін Мәжіліске қайтарды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Қаралған заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру мақсатымен әзірленген. Құжат еліміздің қаржы секторының құқықтық реттелуін кешенді түрде жетілдіруге арналған ауқымды түзетулер топтамасын қамтиды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да қарастырылды. Заңды қарау барысында сенаторлар азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және заң нормаларын жетілдіруге арналған ұсыныстарын да берді.