Бұдан былай құрылыс нысандарына жеке сәйкестендіру номері беріледі.
Соған қарап ғимаратты салудан, оны бұзуға дейінгі аралық бақыланады. Жалпы, құрылысқа қатысты қағида қаңтардан бастап қайта қаралып жатыр. Енді epsd.kz немесе жобаларды кешенді сараптаудың бірыңғай порталы «бір терезе» қағидатына ауысады. Яғни құрылыс жүргізудің толық цифрлық тізбегі бір экожүйеге біріктіріледі. Тапсырыс беруші, реттеуші және жобалау мен сараптама жасату бұрынғыдай бытыраңқы емес, біртұтас болады, дейді өнеркәсіп және құрылыс министрлігі. Қажет қызметтерді алу кезінде сілтемелерге көшіп, әуреленбейсің деп сендіріп отыр. Соның ішінде құрылыс нысандарына бірегей нөмір беру – біраз мәселені реттегелі тұр.
Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылары қауымдастығының президенті:
- Ал қазіргі жағдайда ғимарат бойынша мәліметтер қағазға қатталған. Ол жоғалып кетіп жатады. Сондай-ақ нысандардың атауы ауысады, мекен-жайы өзгереді. Содан шатысып жатамыз. Ал егер бірегей номері болса, оны жоғалту мүмкін емес. Меніңше мұнымен тоқтап қалмай, интеграция тереңдей түседі. Мәселен, жер қатынастары, жобалау, сапа паспорты, материалдың сертификаты дегендей, бәрі де жоғарыда айтқандай нысанның нөміріне кіріктірілу керек. Сонда оған қызмет көрсетуші немесе азаматтар ашық ақпаратқа қанығушы еді. Тиісінше мемлекет те әлеуметтік нысандарды қабылдағанда бүкіл мәліметін көріп, көз жеткізе алады.