Қазақстанда CryptoCity қай жерде салынады? Бұл сұраққа цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жауап берді. Оның айтуынша, CryptoCity жаңа қала – Алатау аумағында салынуы мүмкін, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Иә, Президент осындай идеяны жариялады. Қазір үкімет тиісті реттеуші органдармен бірлесіп, ең қолайлы орынды анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Әрине, CryptoCity үшін ең лайықты орын – бұл Президентіміздің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жаңа Алатау қаласы. Идея – криптовалютаны төлем құралы ретінде пайдалану. Яғни, мейрамханаларда, кафелерде есеп айырысуға, жылжымайтын мүлік сатып алуға, инвестиция салуға криптовалютаны қолдануға болады. Бұл блокчейн-индустриясы үшін үлкен серпін болар еді деп есептеймін", – деді министр Astana International Forum (AIF) кулуарларында.
Оның пікірінше, CryptoCity жобасының іске асырылуы Қазақстанға жаңа әзірлеушілерді, бағдарламашылар мен IT-мамандарды тартып, ел экономикасының өсуіне тың серпін береді.
"Алдымен нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу қажет. Қала өзі де дамып жатыр. Енді бізге осы жоба үшін реттеуші негіз қалыптастыру керек. CryptoCity криптовалютаның еркін айналымы, оған қолайлы заңнамалық орта, төлем құралы ретінде қолданылуын көздейді. Мұның барлығы заңнамалық түрде бекітілуі қажет", – деп толықтырды Мәдиев.
Еске сала кетейік, бүгін Astana International Forum (AIF) аясында өткен пленарлық сессияның ашылуында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жаңашыл CryptoCity аймағы құрылатынын мәлімдеген болатын.
"Біз криптовалюталарды тауарлар мен қызметтер сатып алуға және өзге де мақсаттарға пайдалануға болатын жаңашыл пилоттық аймақ – CryptoCity құруды жоспарлап отырмыз", – деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!