Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Еламан Тәженов «Алтын маман» атағымен марапатталды. Бұл марапат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» тұжырымдамасы аясында қоғамда кеңінен насихатталып жатқан «Қазақстан Республикасының үздік қызметкерлері» жобасы шеңберінде беріледі, деп жазады Egemen.kz.
Бұндай жоғары марапатты дәрігердің кәсіби шеберлігі мен адам өмірін сақтаудағы ерекше үлесі дәлелдей түсті. Соның бір айқын мысалы – жақын арада Ақкөл ауданынан түскен шұғыл шақырту. Санитарлық авиация арқылы ауыр халдегі бала жеткізілді және Еламан Тәженовтің жедел әрекеті арқасында науқастың өмірі сақталды.
«Санитарлық авиация арқылы ауыр халдегі бала туралы хабар түсті. Жедел консилиум ұйымдастырылып, алдын ала диагноз қойылды — ауыр ағымды менингит, церебралды асқынумен. Алғашқы шұғыл көмек көрсетіліп, баланың жағдайы тұрақтандырылғаннан кейін Көкшетау қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізілді», дейді дәрігер.
Еламан Тәженов медицина жолын саналы түрде таңдаған маман. Резидентураны Алматыдағы Mediterra халықаралық клиникасының клиникалық базасында өткен. Оқу барысында ересектермен де, балалармен де жұмыс істеген, бірақ тәжірибе кезінде балалармен жұмыс істеу оған жақынырақ екенін түсінген.
«Диплом алған соң Көкшетау қалалық емханасында ересектер реанимация бөлімінде қызмет атқардым. Бірақ уақыт өте келе балалар медицинасы – менің шынайы бағытым екенін ұқтым», дейді дәрігер.
Жақында Еламан Тәженов Қазақстанның әр өңірінен жиналған 15 дәрігермен бірге Германияның Минден қаласындағы клиникалық базада біліктілігін арттырды.
«Германияда ең алдымен науқас пен дәрігерге қолайлы жағдай жасау алдыңғы орынға қойылады. Клиникада бәрі бір ғимарат ішінде: медициналық форма, демалыс аймағы, қажетті жабдық. Бұл жұмыс тиімділігіне тікелей әсер етеді», дейді ол.
Оның айтуынша, қазақстандық медицина шетелден кем түспейді. Негізгі ерекшелік – ұйымдастыру, логистика және технологиялық қамтамасыз ету деңгейі.
Алдағы уақытта дәрігер мен әріптестері балалар ауруханасына ультрадыбыстық навигацияны (УЗИ-навигация) және реанимациялық көмектің заманауи әдістерін толық енгізуді жоспарлап отыр. Бұл әсіресе инвазивті манипуляциялардың қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
— Медицинаға үлкен табыс үшін емес, адамға көмегім тисін деген ниетпен келу керек. Сонда ғана бұл мамандықтың шынайы мәнін түсінесің, — деп түйіндеді Тәженов.