Теміржол көліктері тозып тұр. Саладағы инфрақұрылым да көңіл көншітпейді. Дегенмен сең енді қозғалатын сыңайлы. Жауаптылар секторды жаңғыртуға бейіл. Айтайық, бес жылдың бедерінде 11 мың шақырым шойын жол жөнделіп, құрылыс қарқыны артады.
Былтыр 21 млн-ға жуық жан теміржолмен сапарлаған. Биыл бұл көрсеткіш 22 млн-ға көбейеді деген болжам бар. Оның 7 млн-ы жаз айында жолға шығады деп күтіліп отыр. Осы жерде бір мәселе бар, жаз маусымында билет тапшылығы жолаушылардың жүйкесін жұқартып, қатынасты қиындатады. Мұны болдырмау мақсатында алда 12 бағыт бойынша қосымша пойыздар қатынайды. Меже орындалса, 300 мың жолаушы орыны қосылады.
Жаз айларында 12 бағытта қосымша пойыздар қатынайды
Жәнібек Тайжанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының Щучинск – Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қаңтар айынан бастап Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша жаңа вагондардан құралған жедел электр пойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты 2,5 сағат. Осындай жаңа электр пойызы осы жылдың жазында келіп, Қарағанды – Астана бағытын жаңартуға бағытталады. 2024 жылдың 4-ші тоқсанынан бастап Қарағанды мен Павлодардан Бурабай курортына дейінгі электр пойыздарының бағыттары ұзартылды.
Теміржолдың 57% тозып тұр
Елде 16 мың шақырым темір жол бар. Оның 57% пайызы тозып тұр. Дегенмен құзырлылар қол қусырып отырған жоқ. Бас-баяғы бес жылдың бедерінде 11 мың шақырым шойын жолды жөндеуге бейіл. Биыл оның 1500 шақырымы жаңғыртылады. Сондай-ақ 3 мың км теміржол төселеді.
Нұржан Келбуғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті басшысының орынбасары:
- 836 шақырымды құрап отырған Мойынты – Достық теміржолы биыл іске қосылады. Одан басқа 75 шақырымды құрап отырған айналма теміржолы бар. Ол да биыл іске қосылады. Бұл жобадан басқа биыл тағы да 8 жоба іске қосылды. Оның ішінде 358 шақырымдық Қызылжар – Мойынты теміржолы қосылады.
Вагондардың 42% ескірген
Ал вагондардың 42% ескірген. Тозған техниканы жаңғырту мақсатында былтыр 143 вагон сатып алынған еді. Биыл теміржол паркі тағы 226 жаңа көлік құралымен толығады. Меже орындалса, саладағы тозу деңгейі 38% қысқарады. «Бұдан бөлек, қатынас құралындағы қызмет көрсету сапасы жыл санап артады», – дейді жауаптылар. Мәселен, теміржол бойындағы ұялы байланыс сапасы жақсарады.
Нұржан Келбуғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті басшысының орынбасары:
- 2 тальгоға биыл интернет қосылса, енді 2 жылдың ішінде тағы да 14 тальгоға сол интернет жүйелері қосылады. 1300 камералар іске қосылды. Екі жылдың ішінде барлық тальгоға камералар қойылады. Бізде орталық штаб бар, барлық ақпарат сонда жиналып, сол жерден жолсеріктің істеп жатқан қызметі көрінеді.
52 жолсерік жауапкершілікке тартылды
Иә, жол бойындағы жағдайды жіті бақыламаса болмайды. Себебі салада бармақ басты, көз қысты жағдайлар әлі бар. Мәселен, былтыр заң бұзған 52 жолсерік жауапкершілікке тартылды. Олар 32 жолаушыны билетсіз пойызға мінгізген. Сондай-ақ 2,5 тонна болатын жүкті заңсыз тасымалдаған.
Дәурен Төреқұлов, тасымалдау компаниясының департамент директоры:
- 26 жұмыскерге қатаң сөгіс жарияланды. 11 жұмыскермен еңбек шарттары бұзылды. 13 жұмыскерге сөгіс жарияланды және 3 жұмыскерге ескерту жарияланды. Статистиканы қарайтын болсақ, бұл бұзушылықтар жылдан жылға төмендеп бара жатыр. Яғни тенденция азайып бара жатыр. Екіншіден, біз құқықбұзушылықтарды болдырмау мақсатында уәкілетті орган Көлік министрлігіне өз ұсыныстарымызды жібердік. Яғни басқа көліктердің мысалын қарай отыра, айыппұл салу мәселесін ұсындық.
125 вокзал жөндеуден өтеді
Екі жылдың ішінде елдегі ескірген вокзалдардың барлығы жөнделеді. Жауаптылар биыл 125 теміржол бекетін жаңғыртуға бейіл.
Нұржан Келбуғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті басшысының орынбасары:
- Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, қарастырып 125 вокзалды жаңғыртудан өткізу туралы қаулы шығып, бекітілді. Барлық вокзалда мердігерлер бекітілді. Жұмыстар 14 ақпаннан басталып кетті. Сол жұмыстың барлығын қадағалап отырмыз. Биылғы жылы осы жұмысты толығымен бітіруіміз керек.
Пойыз билетінің бағасы қымбатамайды
Билет бағысы да – бұқараның басты базынасының бірі. Жолаушылар жолақы қымбат, қызмет көрсету деңгейі төмен деп налып келген еді. Сапа артып, тозған инфрақұрылым жаңғыртылатынын айттық. Ал билет бағасына қарап басы ауырған ағайыннан сүйінші сұраймыз. Биыл жолақы қымбаттамайды. Бұл жайлы Темір жол және су көлігі комитеті басшысының орынбасары Нұржан Келбуғанов айтты.
Нұржан Келбуғанов, ҚР КМ Теміржол және су көлігі комитеті басшысының орынбасары:
- Билеттің бағасы көтерілмейді және осы тұрақты күйінде қала береді. Орташа бағасын алатын болсақ, Астанаға дейін тальгоның бағасы 19 мың теңге. Жай стандарт пойыздың бағасы 11 мың теңгенің маңында. Осыдан кейін баға көтерілмейді. Ал сервистік сапа бойынша, көрсетілген қызметтер бойынша үлкен жұмыстар жасалынып жатыр. Жолаушыларға барлық керекті жағдай жасалады.
Жолаушылар тасымалымен қатар жүк жеткізу ісі де ілгерлейді. Айтайық, елдегі жүктің 80%-і теміржол арқылы тасымалданады. Мәселен, былтыр 303 млн тонна жүк жеткізілді. Биыл бұл межені 6 млн тоннаға арттыруға ниетті.