Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ата-аналар балаларының қызмет ету жағдайымен танысып, олардың күнделікті тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.


Қонақтар казармаға, асханаға, медициналық және тұрмыстық бөлмелерге барды. Бөлімше командирлерімен әңгіме барысында жеке құрамның тұрмысын, тамақтануын, күн тәртібін және моральдық-психологиялық жай-күйін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Әскери бөлімде психологтар сарбаздарға ұдайы сабақтар ұйымдастырады. Олар тұрақты тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік және спорттық іс-шараларға қатысады.

Ата-аналар қызмет барысында ұлдарының оң өзгерістерін атап өтті. Олардың бойындағы жауапкершілігі артып, тәртіпті және дербес бола бастағанын байқадық дейді.

– Біз Жамбыл облысынан келдік. Бізді қызмет шарттарымен таныстырды. Бұл бөлімде тәртіпке ғана емес, сонымен қатар тәрбие жұмысына да көп көңіл бөлінеді екен. Бейімделу кезеңінде ұлдарымызға көрсеткен зейіні мен қолдауы үшін басшылыққа шын жүректен алғыс айтамыз, – деді сарбаздың анасы Гүлмира Рахымова.

Айта кетейік, РЭжәнеБӘИИ оқу процесін қорғау және қамтамасыз ету ротасы 2023 жылы құрылған болатын. Осы уақыт ішінде он төрт мерзімді қызмет сарбазы азаматтық жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын иеленді. Он бес әскери қызметші әскери жоғары оқу орындарында оқуға сертификаттар алды, тағы бесеуі әскерде қаламыз деген шешім қабылдап, келісімшарт бойынша қызметін жалғастырмақшы.