Шымкентте Жаңа жыл қарсаңында заманауи екі бірдей өндіріс орны іске қосылды. Енді ел нарығына құрылыс, медицина және ауыл шаруашылығына арналған полипропилен бұйымдары шығарылады. Сонымен қатар жүзден астам адамды жұмыспен қамтыған металл есіктердің өндірісі ашылды.

Арнайы экономикалық аймақта іске қосылған зауытта спанбонд материалдары өңделіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және медицина салаларына арналған өнімдер шығарылады. Заманауи технологиямен жабдықталған кәсіпорын жылына 4,8 мың тоннаға дейін өнім өндіреді. Сала мамандарының айтуынша, дайын тауар Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де сұранысқа ие. «Сондықтан жаңа жоба ел нарығын импорттық тәуелділіктен арылтуға сеп болады», – дейді мамандар.

Қанат Сейітқұл, «Тоқыма емес материалдар» фабрикасының бас инженері:

- Бұл мекеме негізі Қазақстан бойынша бірінші рет ашылып жатыр. Бұған дейін дайын өнімнің бәрін көрші Ресей мемлекетінен одан кейін Қытай мемлекетінен әкелінетін еді. Бұл заттарға сұраныс өте жоғары. Сол себепті импорт тауардың орнын басып жатырмыз. Ел нарығында жобамен 60%, шетелге 40% шығарып жатырмыз.

Жеңіл өнеркәсіп саласында баламасы жоқ фабриканың ашылуынан кейін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков металл есіктер шығаратын жаңа зауыттың жұмысымен танысты. Өндіріс орны заманауи стандарттар мен қауіпсіздік талаптарына сай салынған. Толық іске қосылса жергілікті 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Нәтижесінде, құрылыс индустриясының дамуына серпін беріп, ішкі нарықты сапалы өніммен қамтуға мүмкіндік туады.

Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және ИИДБ басшысының орынбасары:

- Бірінші зауыт 4,9 млрд теңге, металл есіктері зауытына 3,7 млрд теңге тартылды. Бұл екі компания да мемлекеттен, банктерден несие алған жоқ. Өз қаражаты есебінен салынған. Жалпы біздегі өндіріс көлеміндегі үлесін арттырады.

Зауытта дуалды оқыту жүйесімен сұранысқа ие маман даярлауға жағдай жасалды. Енді жергілікті кәсіптік колледждермен бірлесіп, жастардың біліктілігін шыңдауға жол ашылады. Студенттер өндіріс орнында тәжірибе жинап, заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істеуді үйренеді. Автоматтандырылған «ақылды технологияларды» меңгереді.

Әнуар Тойшыбаев, Темір Есіктер Зауытының Менеджері:

- Жұмысшылардың толық қол еңбегін жеңілдетіп, барлығын өзі жасап береді. Тек қана мына жерден команда берілсе болды. Бұдан шыққан металды біз есікке қолданамыз. Бұрын бұл заттарды жасауға 20-30 минут уақыт алған болса, қазір 2-3 минутта шығарып береді.

Өңірде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 141 мыңнан асты. Қала экономикасының негізгі үлесі жергілікті өнім көлемімен толығып, шағын және орта бизнестің әсері 60% жетті. Сала мамандары оң өзгерісті қолайлы инфрақұрылымдық мүмкіндіктер мен мемлекеттік қолдаумен байланыстырады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов