Қала мен ауыл медицинасында ешқандай айырмашылық болмауы тиіс.
Осыған байланысты елді мекендерде денсаулық сақтау саласына деген қолжетімділік жыл сайын арта бермек. Соңғы 5 жылда 800-ге жуық емхана мен аурухана салынды. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан пайдалануға беріледі.
- Ар ма, ағайын? Елде кейінгі 3 жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 650-ге жуық нысан салынған. Нәтижесінде 170 мың адамға медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова таяуда Үкімет қабырғасында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен жиында айтты.
Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Жалпы 655 нысанның жұмысын қамтамасыз ету үшін ел бюджетінен және арнаулы мемлекеттік қор есебінен 119 млрд теңге жұмсалса, кейінгі үш жыл ішінде ауруханаларды жөндеуге шамамен 70 млрд теңге бөлінген. Мұның бәрі халық игілігі үшін жасалып жатыр.
Кездесуде "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасының орындалу барысы талқыланды. Жыл соңына дейін тағы 10 медицина нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық санатына дейін жаңғыртылды.
Алтынай Алтенова, ҚР ДСМ инвестициялық саясат департаменті басқармасының басшысы:
- Бұдан бөлек дәл қазіргі уақытта мысалы Атырау қаласында екі емхана құрылысы жүргізіліп жатыр. Атырау қаласының Өркен және Жансая шағын аудандарында. Осы заманға сай жабдықтармен жабдықталады. Әр емхананың құны 6,5 млрд теңге. Келер жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сол сияқты өңірлердің қажеттілігіне қарай инфрақұрылымдарды жаңғырту және жаңарту, күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып жүргізіліп келеді.
Ерекше балалардың денсаулығы да басты назарда. Алматы мен Қызылордада үш жасқа дейінгі балаларға арналған екі ерте араласу орталығы ашылды. Жыл соңына дейін Түркістан, Қарағанды және Ақтау қалаларында аутизмі бар балаларға арналған орталықтарды іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар ұзақ мерзімді әрі кешенді қолдауға бағытталған жаңа форматтағы "Ainala" оңалту орталықтарының желісі дамып келеді. Мұндай бес орталық Түркістан, Маңғыстау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында ашылады.
Альфия Адиева, Samruk-Kazyna Trust қорының бас директоры:
- Бізде енді жылдағы бюджетіміз 10 млрд тг болады. Жыл сайын біз 30-50 аралығында жобалар. Бірақ биылғы жылы біздің жобаларымыз ауқымды болды. Бұл көбіне серіктестік негізінде жүзеге асырылған. Үлкен нысандарды ашуға бағытталған. Мысалы, биыл 1 млрд тг астам қаражат жаңа оңалту орталықтарын ашуға жұмсалды. Біз аутизм және ерте араласу орталықтарын аштық. Жыл аяғына дейін 5 орталықты пилоттық жоба ретінде мемлекеттік органдарға тапсырамыз.
Биыл денсаулық сақтау жүйесін цифрлық форматқа көшіру жұмыстары аясында бірнеше ауқымды іс-шара жүргізілді. Пайдаланылып жатқан ақпараттық жүйелер одан ары жетілдірілді. Оның ішінде Электрондық денсаулық паспорты да бар.
Асқар Арғынбаев, ҚР ДСМ электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры:
- Келесі жылдан бастап, медициналық ұйымдарда кез келген көрсетілген медициналық көмектегі толыққанды ақпаратты, оның ішіндегі клиникалық, медициналық мәліметтер, олардың сол медициналық ұйымда алған барлық ем шаралары туралы, олардың диагноздары, анамнездері туралы толыққанды ақпарат барлығы орталықтандырылған жүйеде жинақталады. Мәліметтің көптігі ЖИ-ді енгізуге көп мүмкіндік береді.
Барлық ақпарат азаматтардың өздеріне ғана қолжетімді болмақ. Дәрігерлер науқастардың жеке деректерін олардың рұқсатынсыз пайдалана алмайды. Ал "Саламатты Қазақстан" медициналық-құқықтық пойызы аясында шалғай ауылдардың 100 мың тұрғыны медициналық көмек пен құқықтық сүйемелдеу алды. Олардың жартысынан астамы әйелдер.