Абай облысында түрмеде отырып, басқа сотталушыларға қысым көрсетіп, ақша бопсалаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"5 мамырда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты түрме қабырғасында әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты үкім шығарды. Сотталғандардан құралған қылмыстық топ басқа сотталғандардан ақша бопсалаған", – деп хабарлады прокуратура.
Олар физикалық зорлық-зомбылық, психологиялық қысым және қорлау арқылы ақша талап еткен.
Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтың тоғыз мүшесі анықталды. Оларға ұйымдасқан топ құру, оған жетекшілік ету және оған қатысу, сондай-ақ бопсалау сияқты айыптар тағылды.
Сот сегіз айыпталушыны кінәлі деп тауып, 8 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырды. Тоғызыншы қатысушы қайтыс болуына байланысты іс тоқтатылды. Сот шешімі заңды күшіне енді.