Қостанай облысында жыл соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешу жоспарланып отыр. Қазақстан Президентінің тапсырмаларын орындау аясында ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен жабдықтау жүйелеріне қосу бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінгі таңда сумен қамтылғандар:

Қалалық халықтың — 99%-ы,

Ауылдық халықтың — 91,3%-ы.

2025 жылдың соңына дейін қалған 33 ауыл мен 2 қала — Арқалық пен Тобыл — сумен қамтылады. Нәтижесінде өңірде 100 пайыздық қамту қамтамасыз етіледі.

Жоспарланған шаралар:

  • 20 ауылда (13 мың адам) орталықтандырылған сумен жабдықтау (ОСЖ) енгізіледі,
  • 13 ауылда (3 мың адам) су тарату пункттері (СТП) орнатылады,
  • 7 елді мекенде су тасымалдау ұйымдастырылады.

«Халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету — бұл тек инфрақұрылым мәселесі емес, өмір сапасының негізгі көрсеткіші. Мемлекет басшысы тапсырғандай, қалған ауылдар мен қалаларда жұмыс толық аяқталады», — деп атап өтті облыстық энергетика және ТКШ басқармасында.

Биыл облыста 66 жоба жүзеге асырылуда:

  • 45 — ауылдық елді мекендерде,
  • 21 — қалаларда.
  • Жобаларды іске асыруға 22 млрд теңге бөлінді, оның ішінде:
  • 6,9 млрд — Ұлттық қордан,
  • 5,3 млрд — тұрақтандыру қорынан,
  • 7,6 млрд — жергілікті бюджеттен,
  • 2,1 млрд — республикалық бюджеттен.

Маусым айында қосымша 9 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл қаражат 14 жобаға бағытталады (оның ішінде 13-і ауылдық, 1-і — Тобыл қаласында). Тиісті өтінімдер ҚР Индустрия және құрылыс министрлігіне жолданды.

Күтілетін нәтиже:

  • Георгиевка, Михайловка, Восток, Константиновка, Лесное, Свердловка, Первомайское және басқа ауылдарда ауызсу пайда болады.
  • 10 ауылда ескірген сумен жабдықтау жүйелері жаңартылады.
  • Алыс елді мекендерде тасымал суды пайдалану мәселесі шешіледі.

Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. 2025 жылдың соңына дейін Қостанай облысының халқы толық көлемде сапалы ауызсумен қамтамасыз етіледі.