Ақ үйде бар болғаны 130 күн жұмыс істеген әлемдегі ең бай адам саналатын Илон Маск қызметінен кетті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
4 ай ішінде Маск көп бастамаларымен көзге түсті десек болады. Алдымен үкіметтік мекемелерді қайта құрылымдап, бірнеше рет сотқа тартылып, 2 трлн доллар үнемдеуді жоспарлағанымен, іс жүзінде аз ғана нәтижеге жетті.
Бұл әрекеттері Ақ үйдегі кейбір кеңесшілердің наразылығын тудырғаны белгілі. Алайда Ақ үйде өткен қоштасу рәсімінде тараптар арасындағы шиеленіс туралы сөз қозғалған жоқ, жылы шыраймен тарады.
Трамп президент болар алдында Маскты "әлемдегі ең ұлы бизнес көшбасшылардың бірі" деп атап, оның елге қосқан үлесін жоғары бағалады.
Маск өзінің болашақтағы рөлін "дос әрі кеңесші" деп сипаттап, президентке кез келген уақытта көмек көрсетуге дайын екенін айтқан. Бірақ Трамп Масктың "шын мәнінде кетпейтінін" және Ақ үйге қайта оралып тұратынын жеткізген.
Десе де Маск кейбір сәттерде Трампқа қарсы шықты. Тарифтік саясатын сынап, кейбір заңнамалық бастамаларға қарсы пікір білдірді. Бұл жағдайлар екі тарап арасындағы қарым-қатынасты қиындатқан іспетті.
Қоштасу рәсімінде Трамп Маскқа салтанатты түрде кілт табыс етті. Бұл кілт символдық мәнге ие болып, Масктың үкіметтегі қызметінің аяқталғанын білдіреді.