АҚШ-та жолдардың шамамен 40%-іне жөндеу жұмыстары қажет.

Олардың жарамдылық мерзімі асып кеткен. Басым бөлігінде шұңқырлар мен сызаттар көп. Ауыр жүк көліктерінің жиі қатынауы жол сапасына кері әсер етіп отыр. Шетелдің жолдары қалай?

Америка Құрама Штаттарында автокөлік жолдарының шамамен жартысына жуығы тозған. Ал кей аймақтарда мүлдем жол жоқ деуге де болады. Жол сапасының нашарлығынан америкалықтар жыл сайын орташа есеппен 1500 доллар, яғни, шамамен 750 мың теңге көлік жөндеу мен басқа да шығындарға жұмсайды. Соңғы төрт жылда жол инфрақұрылымын жаңартуға 590 миллиард доллар бөлінгенімен, мамандар бұны жеткіліксіз деп есептейді. Алдағы онжылдықта жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша 684 миллиард доллар қажет көрінеді.

Францияда жүк көліктері жасырын датчиктер арқылы бақыланады

Францияда ауыр жүк көліктерінің салмағы жол төсеміне жасырын орнатылған датчиктер арқылы бақыланады. Құрылғы жүріп келе жатқан жүк көлігінің салмағын өлшеп, нөмірін автоматты түрде камера арқылы тіркейді. Егер көліктің салмағы рұқсат етілген мөлшерден 5%-ке артқан жағдайда жүргізушіге 1500 еуроға дейін айыппұл салынады. Ал артық салмақ 20%-тен асып кетсе, іс сотқа дейін барады. Бұл жағдайда тек жүргізуші ғана емес, сондай-ақ жүк жіберуші мен қабылдаушы тарап та жауапкершілікке тартылады.

Ресейде жүк талаптарына сай жолаушылардың салмағына шектеу қойылады

Ресейде жолаушылар мен туристік автобустар ауыр және ірі көліктерге арналған ережеге сай жүреді. Оған сәйкес, қос қабатты автобустың жалпы салмағы 18 тоннадан артық болмауы керек. Орта есеппен әрбір жолаушының салмағы 58 келіден аспауы тиіс. Егер салмақ мөлшері шектен жоғары болса, жауапты ұйымдарға ірі көлемде айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері әр аймақтың ішкі тәртібіне сай анықталады.

Авторлары: Динара Орынтай, Райхан Серикова