Оңтүстік Корея 2030 жылға дейін отандық AI-гуманоидтарды дамытуға 50 млрд воннан астам қаржы бөледі.


Оңтүстік Корея үкіметі жасанды интеллект негізіндегі гуманоид роботтарға қажетті негізгі технологияларды әзірлеуге алдағы бес жылда 50,4 млрд вон (33,5 млн доллар) инвестиция салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Елдің Ғылым және АКТ министрлігінің мәліметінше, жоба 2030 жылға дейін жалғасады және оған университеттер мен жергілікті технологиялық компаниялар қатысады.

Бағдарлама аясында LG Electronics пен жергілікті стартап WIRobotics жаппай өндіріске арналған гуманоид робот платформаларын әзірлейді.

Ал жетекші университеттер мен LG AI Research мамандары роботтардың визуалды, физикалық, ауызша және мінез-құлық ақпараттарын түсінуіне мүмкіндік беретін AI моделін дайындаумен айналысады.

Сонымен қатар роботтарда LG Energy Solution әзірлеген қатты электролитті батареялар қолданылады.

Жоба аясында жасалған роботтар ауруханалар мен күтім орталықтарында сынақтан өткізіліп, адамдарға ұзақ мерзімді көмек көрсету қабілеті тексеріледі.