Талдықорғанда футбол матчін тамашалағаннан кейін 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлы қайтыс болған, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі taldykorganec_kolesa-ға сілтеме жасап.
Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамырда кешке ұлы достарымен футбол көруге кеткен. Пәтерде он шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да бар.
Мәліметке сүйенсек, жастар арасында кикілжің туындаған. Осыдан кейін олар сыртқа шығып, кейінірек қайта кездескен. Анасының сөзінше, мектеп оқушысы Жәңгірді кері шақырып алып, оған алты жерден пышақ жарақатын салған. Алған жарақатынан 20 жастағы жігіт көз жұмған.
Қазір бұл іс бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Сараптамалар тағайындалып, оқиғаға қатысушылардан жауап алынған. Марқұмның отбасы әділ тергеу жүргізілуін талап етіп отыр.
Жетісу облыстық Полиция департаменті күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. Оған күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
"Қазір оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Жетісу облысы ПД басшылығының ерекше бақылауында", — деді ведомство өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!