"Көмек Машинери Қазақстан" компаниясына құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берілді.


Көмек Машинери Қазақстан компаниясының құқықтарын Астана қаласының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетімен бірлесіп қорғады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Компания 2008 жылдан бері жүк техникасына қызмет көрсету және жөндеу саласында жұмыс істейді. Шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып жатқан жаңа цех құрылысының жалпы құны 20 млн АҚШ долларын құрайды.

Жоба іске қосылғаннан кейін 50 жаңа жұмыс орны ашылады.

Прокуратура мәліметінше, инвестор мемлекеттік сараптамадан өту кезінде әкімшілік кедергілерге тап болған. Атап айтқанда, су қорғау белдеуінің шекарасын ауыстыру қажеттігі туындап, компанияға құрылыс-монтаждау жұмыстарына рұқсат берілмеген.

Қала прокуратурасының араласуынан кейін әкімдік су қорғау белдеуінің шекарасын өзгерту туралы қаулы қабылдап, инвесторға құрылыс жұмыстарын жүргізуге талон берілді.

Қазіргі уақытта цех құрылысы басталған.

Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 115 Call-орталығына немесе арнайы байланыс нөмірлеріне +7 (747) 216-15-58 хабарласуға шақырды.