Бас прокурордың бірінші орынбасары Қазақстандағы инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктері туралы айтты.


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы XVII "Ресей – Ислам әлемі: Қазан форумы" халықаралық экономикалық форумында инвесторлардың құқықтарын қорғау бойынша қазақстандық тәжірибені таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Форумда Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев сөз сөйлеп, инвестицияларды қорғаудың жаңа моделі туралы айтты.

Оның айтуынша, капитал үшін жаһандық бәсеке күшейген жағдайда құқық болжамдылық, ашықтық және институттарға деген сенім тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторына айналып отыр.

Жандос Өмірәлиев Қазақстанда бизнес үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасып жатқанын атап өтті.

Оның мәліметінше, 2024 жылдан бастап прокуратура органдары маңызды инвестициялық жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде сүйемелдеп келеді. Осы уақыт ішінде 2 мыңнан астам инвестордың құқығы қорғалып, 270 инвестициялық жобаның іске қосылуына қолдау көрсетілген.

Нәтижесінде шамамен 30 мың жаңа жұмыс орны ашылды.

Сондай-ақ Президент Жарлығымен Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылғаны және Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен функциялары берілгені айтылды.

Қазіргі таңда прокурорлар 36 елден келген серіктестердің қатысуымен жалпы құны 200 млрд АҚШ долларына жуық 3 мыңға жуық инвестициялық жобаны сүйемелдеп отыр.

Форум барысында инвестициялық жобаларды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдар да таныстырылды.

Сонымен қатар қазақстандық делегация Ресей және Әзербайжан өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді.