Халықаралық музейлер күніне орай қаладағы сегіз музейде көрмелер, квесттер мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылды.


Алматыда Халықаралық музейлер күніне арналған "Музей түні – 2026" акциясы өтті. Қала музейлер бірлестігіне қарасты сегіз музейге бір күнде 28 мыңнан астам адам келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәдени шара аясында музейлер таңғы 10:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жұмыс істеп, тұрғындар мен қонақтарға арнайы бағдарламалар ұсынды.

Кешкі уақытта "Музейге сый" және "Жұлдызды гид" акциялары, көрмелер, дәрістер, шеберлік сабақтары, интеллектуалдық ойындар, жасанды интеллект негізіндегі фотоаймақтар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылды. Сонымен қатар танымал өнерпаздар қатысқан концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.

Кештің басты жобаларының бірі блогерлер қатысқан "Тарих ізімен" квест ойыны болды. Жоба бірнеше музейді қамтыды.

Алматы музейінде "Қазақ киносының жауһары – Қыз Жібек" көрмесі ашылса, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі мерейтойлық экспозициясын таныстырды.

"Музейге сый" акциясы барысында музей қорлары жаңа жәдігерлермен толықты. Олардың қатарында Асанәлі Әшімовтің сахналық костюмдері мен жеке заттары, Бибігүл Төлегенова мен Роза Рымбаеваның сахналық көйлектері, сондай-ақ Роза Бағланова мен Секен Тұрысбектің домбыралары бар.

Сонымен бірге, 2-ЖЭО аумағынан табылып, ғылыми зертханада қалпына келтірілген б.з.д. V ғасырдағы сақ жауынгерінің реконструкциясы көпшілікке таныстырылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шара Алматы тұрғындарының тарихи-мәдени мұраға деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетті.