Қайғылы оқиға қаңтар айының соңында болған.
Полиция мәліметінше, ер адам емханадан қайтып келе жатқан әйелге көшеде пышақ жарақатын салған. Зардап шегуші оқиға орнында көз жұмған, деп жазады inbusiness.kz сайты "Отырар" телеарнасына сілтеме жасап.
Күдіктіні ұстау кезінде ол полиция қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, қолындағы пышақпен тәртіп сақшыларына шабуылдаған. Осыған байланысты полиция қызметтік қару қолдануға мәжбүр болған.
Сот барысында айыпталушының 2022 жылдан бері психикалық ауру бойынша есепте тұрғаны анықталды. Ол бірнеше рет ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған екен. Ер адам ІІ топтағы мүгедек.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамның психикалық дертке байланысты өз әрекетіне есеп бере алмағанын ескеріп, оны қылмыстық жауапкершіліктен босатты.
Сот шешімімен қылмыстық іс тоқтатылып, күдікті күшейтілген бақылаудағы психиатриялық мекемеде мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілді.