Ұшатын аппараттар қашан ресми іске қосылатыны айтылды.
Алатауда әуе таксиі сынақ режимінде ұшырылды. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тілшілер Алатау аспанында аэротаксилердің ұша бастағаны туралы ақпарат шындыққа жанаса ма деп сұрады. Күні кеше ұшқышсыз әуе таксиі сынақ режимінде ұшқаны белгілі болды.
"Оны мамыр айында іске қосамыз деп айтқан болатынбыз. Бұл аппарат сынақ режимінде ұшырылды", – деді Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың сөзінше, ұшқышсыз ұшу аппараты қытайлық AutoFlight компаниясына тиесілі.
"Аппараттың техникалық мүмкіндігіне келсек, оның ұшу қашықтығы – 250 шақырым, ал ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді. Қазір бұл аппараттың сынақ режиміндегі ұшулары Алатау аумағында жүргізіліп жатыр", – деп атап өтті спикер.