Астанада өткен "Қазақстан – Франция 2026" музеология форумында мәдени мұраны сақтау, музей ісін цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық мәселелері қаралды.
ҚР Ұлттық музейінде "Қазақстан – Франция 2026" музеология форумы басталды. Іс-шара тарихи-мәдени мұраны сақтау, музей ісін дамыту, инновациялар мен цифрлық трансформация мәселелеріне арналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Форумның ашылуына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Францияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге, ALIPH қорының атқарушы директоры Валери Фрелан және Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісінің орынбасары, бірінші кеңесші Ааро Юлитало қатысты.
Форум IV Халықаралық Қазақстан музей конгресінің жалғасы ретінде ұйымдастырылды. Іс-шараға Қазақстан, Франция, Орталық Азия елдері мен түркі әлемінен келген музей мамандары, ғалымдар, реставраторлар, сәулетшілер және мәдени мұра саласының сарапшылары жиналды.
Ашылу рәсімінде Аида Балаева форумның Мәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті.
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің мемлекеттік маңызын үнемі ерекше атап өтеді. Жаңа қабылданған Ата заңда мәдениет пен ұлттық құндылықтарды қастерлеу мемлекеттің басты құндылықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл – мәдени мұраны сақтау мен оны болашақ ұрпаққа жеткізу ісіне стратегиялық деңгейде мән беріліп отырғанының нақты көрінісі. Ал музейлер осы маңызды миссияны жүзеге асыратын негізгі институттардың бірі екені сөзсіз. Музей – өткен мен бүгінді жалғайтын киелі орын. Қазіргі кезде музейлердің миссиясы түбегейлі өзгеруде. Олар енді тек жәдігер сақтайтын орын емес, білім мен ғылымның, креатив индустриялардың, цифрлық технологиялардың тоғысқан орталығына айналып отыр", – деді Аида Балаева.
Қазіргі таңда Қазақстанда 286 музей жұмыс істейді. Олардың қорында 4,5 миллионнан астам жәдігер сақталған. Жыл сайын музейлерге 6,5 миллионнан астам адам келеді.
Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге форумның 2024 жылы Қазақстан Президентінің Францияға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің жалғасы екенін айтты.
"2024 жылдан бері Франция мен Қазақстанның мәдениет мекемелері бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Соның жарқын мысалдарының бірі – Гиме музейінде өткен "Қазақстан: Ұлы дала жауһарлары" көрмесі. Оны 70 мыңнан астам адам тамашалады. Бүгінде біздің ынтымақтастығымыз реставрация, консервация, коллекцияларды басқару, музей кеңістігін қалыптастыру және жаңа технологияларды қолдану бағыттары бойынша жалғасып келеді. Бұл форум Франция, Қазақстан және өңір мамандары арасындағы әріптестіктің жаңа бағыттарын ашатынына сенімдімін", – деді Сильван Гиоге.
Форум барысында Қазақстан мен Франция арасындағы музей саласындағы ынтымақтастықты дамыту, цифрлық музейлерді жетілдіру, 3D-құжаттандыру, виртуалды көрмелер, жасанды интеллектіні пайдалану және музей қорларын цифрландыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар материалдық емес мәдени мұраны сақтау, дәстүрлі қолөнерді дәріптеу және музей кеңістігіндегі заманауи тәсілдер бойынша тәжірибе алмасу мәселелеріне де назар аударылды.