Оқиға телефон қоңырауынан басталған.
Талғарда Джеки Чанның бейнесін пайдаланған алаяқ егде жастағы тұрғынның ақшасын тартып алғысы келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзін емхана қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам азаматқа вакцина алу кезегін растау қажеттігін айтқан. Айтылған жайт сенімді көрінген, себебі бірнеше күн бұрын зейнеткер расында екпе алу үшін кезекте тұрған.
"Растау үшін SMS-код келеді, соны айтып жіберіңіз" деген өтініш алғашында күмән тудырмаған. Арада көп уақыт өтпей тағы бір қоңырау түскен. Бұл жолы өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған адам азаматқа бұған дейін алаяқтар хабарласқанын және оның атына несие рәсімдеуге әрекет жасалып жатқанын жеткізген.
"Қазір сізге код жібереміз, барлық есепшотыңызды бұғаттап, қаражатыңызды қорғаймыз" деген сөздер көмек көрсетіп жатқандай әсер қалдырған. Алайда бұл – алдын ала ойластырылған бір ғана алаяқтық схеманың бөлігі болған. Қоңырау шалғандардың негізгі мақсаты – қарияның сеніміне кіріп, жеке деректерін біліп, ақшасын жымқыру.
Полицейлердің дер кезінде араласуының арқасында алаяқтардың жоспары жүзеге аспады. Тәртіп сақшылары егде жастағы азаматты ХҚКО-ға бірге апарып, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдады. Атап айтқанда, оның ЭЦҚ кілті ауыстырылып, алаяқтардың жеке және электрондық деректерге қол жеткізуіне жол берілмеді.
Полицияның мәліметінше, мұндай алаяқтық тәсілдер барған сайын күрделеніп келеді. Қаскөйлер азаматтардың нақты жағдайын пайдаланып, шұғыл әрекет қажет деген жалған әсер қалыптастырады және бірнеше мекеменің атынан хабарласуы мүмкін.