Алматы-2 вокзалына Қытайдан келген алғашқы халықаралық туристік пойыз келіп жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Сиань – Алматы» бағыты Ұлы Жібек жолының қос тарихи шаһарын байланыстырды. Туристік делегация құрамында 246 адам бар. Олардың арасында кәсіпкерлер, ғалымдар, актёрлер мен спортшылар бар — бәрі де Оңтүстік астанамыздың бай мәдени мұрасымен 5 күн ішінде танысады.

"ҚТЖ" баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 вагоннан тұратын пойыз Үрімжі қаласы арқылы өтіп, Қорғас шекаралық өткелінде дөңгелек жұптарын ауыстырды. Одан әрі Алтынкөл станциясы арқылы Алматыға жетті.

Қонақтарды қарсы алу іс-шарасына Қазақстан мен Қытайдың көлік және туризм саласындағы ресми өкілдері «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары, Сиань қаласының мәдениет және туризм басқармасының директоры, Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Көлік министрлігінің комитет төрағасы мен Туризм және спорт министрлігінің комитет басшысы қатысты.

Айта кетейік, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайту және теміржол туризмін дамытуға бағытталған басым жобалардың бірі.