Starship ең алдымен бірқатар сынақтардан өтуі тиіс.
Илон Масктың SpaceX компаниясы Starship V3 зымыранының ең жаңа нұсқасын ұшыруға дайындалып жатыр. Әлемдегі ең қуатты зымырандардың бірі Техастағы Starbase ғарыш айлағынан бейсенбі күні ұшырылуы тиіс болған. Техникалық себептерге байланысты ұшыру жұма күніне ауыстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап.
Компанияның хабарлауынша, кері санау бірнеше рет тоқтатылып, соңында миссияны бір тәулікке кейінге қалдыру туралы шешім қабылданған. Бұл Starship жүйесінің 12-ші сынақ миссиясы болмақ. Ұшу сценарийі бұрынғы сынақтарға ұқсас екені белгілі болды. Дегенмен бұл жолы қолданылатын аппарат айтарлықтай жаңартылған және SpaceX оған үлкен үміт артылып отыр.
Жаңа буындағы Starship V3 бұрынғы нұсқалардан айтырлықтай жетілдірілген. Биіктігі 124 метрге жетеді. Оның V3 Raptor жаңа қозғалтқышы бар. Сонымен қатар Super Heavy мен Ship арасындағы байланыс жүйесі жаңартылып, ұшу кезінде ажырамайтындай етіп жасалған.
Ship модулінің жүк шығару жүйесі де жетілдіріліпті. Ұшу кезінде ол 20 спутник макетін, 2 нақты Starlink спутнигін орбитаға шығарады. Бұл бұрынғы миссиялармен салыстырғанда екі есе көп.
Сынақ сәтті өткен жағдайда, Starship болашақта NASA-ның "Artemis-4" миссиясы аясында астронавттарды Ай бетіне жеткізуі мүмкін. Бұл миссия 2028 жылдың соңына жоспарланған.
Десек те, Starship ең алдымен бірқатар сынақтардан өтуі тиіс. Мәселен, бұл аппарат әлі Жер маңындағы орбитаға шыққан жоқ. Бүгінге дейін жасалған 11 сынақ ұшуының барлығы да суборбиталық болған. Сондай-ақ, ол Жерден тыс жерде жанармай құю мүмкіндігін көрсетуі тиіс әрі ғарышкерлерге арналған тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі мен басқа да қажетті жабдықтармен жабдықталуы қажет.