2024 жылы бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды.

Түркістан облысы Шардара ауданының Жаушықұм суару алқабында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысы анықталды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады.

Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары өткізген тексеру барысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысы анықталды. Тексеру нәтижелері тиісті шаралар қабылдау үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданып, сондай-ақ жергілікті әкімдікке анықталған заңбұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берілді. Аталған шаралар заңсыз суару қондырғыларының жұмысын реттеуге бағытталған.

"10 маусымнан бастап жаңа Су кодексі күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, бассейндік инспекциялар қадағалау және жедел әрекет ету шараларын қабылдау құқығына ие болады. Сонымен қатар су кодексіне сәйкес, әкімшілік кодекске де өзгерістер енгізіліп, су заңнамасын бұзғандарға жазалау шаралары күшейтіледі", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.


Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 375 млн теңгеге тартылған құбырдан су ақпай қалған


Еске салсақ, 2024 жылы бассейндік инспекциялар 439 тексеру жүргізіп, оның барысында 1 855 заң бұзушылық анықталып, 429 ұйғарым шығарылды. Жалпы сомасы 48,4 млн теңгеге 582 әкімшілік айыппұл салынды.