Прокуратура актілері бюджетке 185 млн теңге шығынның алдын алды.


Алматы облысының прокуратурасы прокурорлық ден қою актілері арқылы сот процестерінде қатысушылардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіріп, ірі қаржылық шығындардың алдын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Атап айтқанда, сотта өз мүддесін қорғау мүмкіндігі негізсіз шектелген "А" компаниясы – инвестордың құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ салық және мемлекеттік сатып алу даулары бойынша бюджетке 185 млн теңге көлемінде залал келтірілуіне жол берілмеді.

Талғар ауданындағы "Кендала" учаскесінде құм-қиыршықтас қоспасын өндіруге қатысты жер қойнауын пайдалану келісімшартының сот арқылы қайта күшіне енуі тоқтатылды.

Бұдан бөлек, газ тарату желілерін салу кезінде мемлекеттік сатып алу шартының заңсыз ұзартылуына тосқауыл қойылды.

Прокуратураның бұл шаралары бюджет қаражатын, бизнес құқықтарын және өңірдің инвестициялық ахуалын қорғауға бағытталған.