Қытайдың жетекші технологиялық компаниясы Baidu жануарлардың дыбыстарын адам тіліне аудару мақсатында жасанды интеллектіні пайдалануды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл жоба арқылы компания жануарлардың мінез-құлқы мен дыбыстық белгілерін зерттеп, оларды адамдарға түсінікті ақпаратқа айналдыруды көздейді.
Baidu — Қытайда жасанды интеллектіні дамытуға алғашқы болып ауқымды инвестиция салған алпауыт компаниялардың бірі. 2025 жылдың сәуірінде Baidu өздерінің ең соңғы Ernie 4.5 Turbo атты жасанды интеллект моделін көпшілікке таныстырған болатын.
Компания жануарлар "тілін" аударуға арналған жаңа технологияға байланысты Қытайдың Зияткерлік меншік ұлттық басқармасына патенттік өтінім тапсырды. Жүйе жануарларға қатысты түрлі деректерді жинайды: дыбыс, дене қимылы, мінез-құлықтағы өзгерістер және басқа да сигналдар. Бұл мәліметтер алдын ала өңделіп, бір жүйеге біріктіріледі, кейін жасанды интеллект оларды талдап, белгілі бір қорытынды ұсынады. Алайда Baidu өкілдері жобаның әлі зерттеу кезеңінде екенін, нақты өнімнің қандай түрде болатыны белгісіз екенін атап өтті.
Baidu жануарлардың дыбыстық сигналдарын түсінуге ұмтылған жалғыз компания емес. Мысалы, 2017 жылы құрылған Earth Species Project атты коммерциялық емес ұйым да сүтқоректілердің дыбыстарын талдау үшін нейрондық желілерді қолданып жатыр. Ал CETI жобасының зерттеушілері 2020 жылдан бері кашалоттардың қарым-қатынас тәсілдерін түсіну үшін статистикалық талдау мен жасанды интеллектіні қатар пайдаланып келеді. Сонымен қатар, даниялық ғалымдар шошқалардың қорсылын зерттей отырып, жасанды интеллект көмегімен олардың эмоциясын анықтай алған.
Айта кетейік, бұған дейін тегін қолдануға болатын жасанды интеллект түрлері туралы жазған едік.