Бұл туралы Бас прокуратура түсініктеме беріп өтті.


Қазіргі уақытта төбелеске қатысқан екінші қызға қатысты іс жүріп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Бұған дейін әлеуметтік желіде студент қыздардың төбелескен видеосы тараған еді. Онда жәбірленуші өзіне шабуыл жасалғанын мәлімдеп, шағым жасаған. Қос бойжеткен арасындағы жанжал 2025 жылдың 17 желтоқсанында болған. Абай облысы мен Атырау облысынан келген студенттер жатақханада жеке бас араздығының әсерінен төбелескен. Шаш жұлысқан қыздардың оқиғасына өзгелер де куә болған.

"Сол уақытта олардың бірі кәмелетке толмаған еді. Екеуі де бір-бірін жұлмалап, жарақат келтірген. Полиция жасағы оқиғаны тіркеді. Қылмыстық кодекстің "денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Төбелескен қыздың бірі – Абай облысының тұрғыны, ол соттың шешімімен кінәлі деп танылып, қоғамдық жұмыс түріндегі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Ал екінші тарап – Атырау облысының тұрғыны. Оған қатысты тергеудің толықтығын, объективтілігін және жан-жақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тергеп-тексеру әрекеттері жалғасып жатыр", – дейді Бас прокуратура өкілі.

Ресми органның жауабына сәйкес, төбелескен қос қыз да өз әрекетіне жауап беретін болады.

"Тараптың біреуіне артықшылық беруге не тергеп-тексеру барысына араласу туралы қандай да бір үстемдік беруге негіз жоқ", – делінген хабарламада.

Студент қыздары төбелескен университет те оқиғаға қатысты түсініктеме берген.

"Аталған оқиға бойынша университет тарапынан барлық қажетті шара қабылданды. Жедел қызметтер шақырылды, қызметтік тексерулер өтті, қатысушылар мен куәгерлерден жазбаша түсініктемелер алынды, ата-аналармен кездесулер ұйымдастырылып, мәселе Әдеп жөніндегі комиссияда қаралды. Қарау қорытындысы бойынша университеттің ішкі нормативтік актілеріне сәйкес, тиісті тәртіптік шаралар қабылданды. Бүгінде студент университеттің жатақханасында тұрып жатыр және университет тарапынан оған барлық қажетті жағдай жасалған", – делінген жауапта.