1 шілдеден бастап қылмыстық істерді кассациялық тәртіпте қарау тәртібіне өзгеріс енгізіледі.
Осыған байланысты Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиевтің төрағалығымен Жоғары сот органының кезекті жалпы отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жиынға Жоғарғы Сот алқаларының төрағалары мен судьялары, ғылыми-консультативтік кеңес мүшелері, құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар — Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Қаржы мониторингі агенттігі, сондай-ақ нотариат өкілдері қатысты. Күн тәртібінде бірнеше маңызды нормативтік қаулы жобалары талқыланды.
Жоғары сот судьясы Ғазиза Мұсабекова отырыс барысында 1 шілдеден бастап күшіне енетін нормативтік қаулылар жобасын таныстырды. Онда кассациялық сатыға жоғары талаптар белгіленген. Бұл өзгерістер сот төрелігін сапалы жүзеге асыру, құқық қолдану бірізділігін сақтау, сондай-ақ құқықтық түсініксіздіктер мен ықтимал қателіктерді азайту мақсатында жасалып отыр.
Нормативтік қаулылар жобасында қарастырылған негізгі ережелер:
- Қылмыстық істер бойынша сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау негіздері нақтыланды;
- Шағым және наразылық беруге құқығы бар тұлғалардың тізімі көрсетілді;
- Шағымның мазмұнына қойылатын талаптар мен оны қарау тәртібі бекітілді;
- Төменгі сатыдағы соттардың шешімдерін қайта қарау кезінде кассациялық соттың әрекет ету тәртібі айқындалды.
Жоғары сот судьясы Елена Максюта сот билігіне қатысты өзгерістерге тоқталып, төмендегі маңызды аспектілерді атап өтті:
- Кассациялық сот төрағасының азаматтарды жеке қабылдауы реттеледі;
- Бұқаралық ақпарат құралдарының сот отырыстарына қатысуына негізсіз шектеу қоюға тыйым салынады;
- Сотқа БАҚ тарапынан ықпал ету әрекеттері үшін жауапкершілік көзделеді (бұл "Масс-медиа туралы" Заңның 67-бабының 2-тармағында көрініс тапқан);
- Судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту үшін нақты негіздер мен талаптар нақтыланды, соның ішінде заңды өрескел бұзған жағдайда қолданылатын шаралар.
Жоғары сот судьясы Рәзия Қуанышбаева нормативтік қаулыдағы азаматтық істерге қатысты өзгертулерді ұсынды. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу туралы талап қою мерзімін дұрыс есептеу ережелері нақтыланды және де алимент өндіруге қатысты кейбір ережелер алынып тасталған. Қабылданған нормативтік қаулылар туралы толық ақпаратпен Жоғарғы Соттың ресми сайтындағы "Заңнама" бөлімінен танысуға болады. Сонымен қатар, құжаттар ҚР нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми түрде жарияланады.