2 маусым кешінде Астанада жол-көлік оқиғасы болды. Алдын ала мәлімет бойынша, жолаушыларды тасымалдап келе жатқан автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде көлікке ие бола алмай, ақпараттық бағанға соғылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жайтқа байланысты елордалық Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
3 маусымда Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жолаушылардың жағдайы туралы мәлімет берді.
Жедел жәрдем бригадаларының көмегімен барлығы 15 адам қалалық ауруханаларға жеткізілген.
Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды, қалғандары үйлеріне қайтарылды. Бір науқастың аяғын ампутациялауға тура келді. Барлық зардап шеккендерге толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде, – деп мәлімдеді Астана қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Жол апаты Самал шағын ауданында болған.