2025 жылдың соңына қарай Каспий теңізінде Ақтаудан Махачкалаға дейін круиздік лайнер қатынасы қолға алынады, деп хабарлайды Egemen.kz
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігіне қарасты Туризм индустриясы комитетінің мәліметінше, Маңғыстау облысы круиздік туризмді дамытуда зор әлеуетке ие. Осы бағытта Ақтау мен Құрық порты аралығындағы Каспий теңізінің жағалауында теңіз курорттары мен жағажай демалысын дамыту жоспарланған. Бұл үшін жаңа нысандар – қонақүйлер мен тақырыптық ойын-сауық саябақтары салынады.
Жоспар бойынша ресейлік круиздік лайнер іске қосылады. Ол «Судағы бес жұлдызды қонақүйлер» тұжырымдамасына сай келеді. Круиз маршрутына Ақтау (Қазақстан), Астрахань және Махачкала (Ресей), Түрікменбашы (Түрікменстан), Амиробад, Ноушехр және Энзели (Иран), сондай-ақ Баку (Әзірбайжан) порттары кіреді.
Жыл соңына дейін круиздік кеме пайдалануға берілгеннен кейін алғашқы сынақ сапарына шығады.
Сонымен қатар, теңіз круиздерін ұйымдастыру бойынша жағалаудағы елдермен құжаттар жобалары әзірленіп жатыр. 2020 жылы басталған Әзербайжанмен келісім және 2019 жылы басталған Иранмен келісім жобалары бар. Қазіргі уақытта басқа Каспий маңы елдерінің ұстанымдары күтілуде.
Туризм комитетінің хабарлауынша, бұл жобалар жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінбейді.
Арайлым МЫРЗАХАН, ЕҰУ студенті