2025 жылғы 2 маусымда танымал қазақстандық график-суретші, карикатурашы Ибрагим Кубеков қайтыс болды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы 3 маусым күні оның ұлы Евгений Кубеков Facebook парақшасында жазды:
"Кеше Бургас қаласында әкем Ибрагим Кубеков өмірден өтті деген қайғылы хабарды жеткіземін", – деп жазды ол.
Ибрагим Кубеков — қазақстандық суретші-график, карикатурашы, баспагер. 1957 жылы Украин КСР-інің Ворошиловград (қазіргі Луганск) қаласында дүниеге келген. 1960-жылдардың басынан бастап Алматы қаласында өмір сүріп, еңбек етті. 1978–1982 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінде білім алды.
1980-жылдардың соңынан бастап қырық жылға жуық мерзім бойы газет графикасы саласында жұмыс істеді. Оның шарждары мен карикатуралары «Дружные ребята», «Караван», «Мегаполис», «Ковчег», «Информбюро» сынды басылымдарда жарық көрді. КСРО және халықаралық карикатура байқауларына қатысып, жүлдегер атанды. Шығармалары Қазақстанның ірі музейлері мен көрме залдарында қойылған.