Күдіктілер бүгінгі сот отырысында соңғы сөзін айтты.
Шерзат Полаттың өліміне қатысты өткен сот процесінде айыпталушы Азамат Тоқтаубаев анасына арналған өлең шумағын оқып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тоқтаубаев ісіне өкінетінін, бала-шағасын, ағасы Нұрбол Тоқтаубаевты, отбасын, ауылын ойлайтынын ерекше айтты. Жазасын өтеп болған соң, ауылына, қазақ еліне көмектесетінін еске салды.
– Бір үйден екі азамат сотталайын деп отыр. Әке-шешемізге де обал, бала-шағамыз жетім қалды. Үйдің асыраушысы едік. Балалы болып, үйленіп, ата-анамның қадірін біліп жатырмын. Бұрын-соңды істі болдым. Басыма тиді, құрметті сот! Енді өмір сүруге көзқарасым бөлек! Қазір отбасылық жағдайымды ойлаймын. Тек алға! Әлі де түзеліп, шыққасын өзгеремін. Өмір тоқтаған жоқ деп есептеймін. Бірақ прокурор ханым "7 жыл, 15 жыл" деп жатыр. Бұл маған өмір бойы бас бостандығынан айырылғандай ауыр тиеді. Өзімді кінәлі сезініп, қоғамға қауіптімін деп есептемеймін. Ақсақалдың өсиетін тыңдап, батасын алып өскен баламыз. Осындай жағдайға тап болып қалдық. Бұл өмірде қателеспейтін адам жоқ деп ойлаймын, – деді ол.
Азамат Тоқтаубаев сотқа қатысып отырған қоғам белсендісі, рэпер Жан Ахмадиевтің шығармашылығымен таныс екенін айтып, өлеңінен үзінді оқып берді.
"Бұл кісіні балалық кезімнен тыңдап жүремін:
Қазақпыз ғой, қазақтықты сақтайық.
Қазақпыз ғой, күнә жасап, арымыздан аспайық
Үлкендердің алдында біз көлденең жатпайық" – деген өлеңдерін тыңдаймын, – деді ол.
Сондай-ақ, сотталушы соңғы сөзін анасына арнаған өлеңмен аяқтағанды жөн көрді.
"Анашым, кешіріңіз бізді!
Анашым, амал бар ма мына сорға?
Бүркіт ем аспанда ұшқан, түстім торға", – деді ол.
Бұған дейін ағайынды сотталушы Тоқтаубаевтардың адвокаты тергеудің әділ өтпегенін айтқан еді.