Жаз мезгілінде көпшілік салқын тағамдарды тұтынуға бейім болып, ыстық асты шетке ысырып қояды. Алайда мұндай тәсіл денсаулыққа , әсіресе асқазан-ішек жолдарының созылмалы ауруларынан зардап шегетіндерге (мысалы, гастрит, асқазан жарасы, панкреатит, холецистит) кері әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы гастроэнтеролог дәрігері Евгения Мельникова gazeta.ru порталына берген сұхбатында айтты.

Маманның айтуынша, жазда көпшіліктің сүйікті тағамы саналатын балмұздақты тұтыну ұсынылмайды. Себебі бұл – жоғары калориялы, майлылығы мен қант мөлшері көп өнім. Ол асқорыту жүйесін ауырлатып қана қоймай, жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабатын салқындатып, қан тамырларының түйілуіне және жедел респираторлық аурулардың (ЖРА) пайда болуына әкелуі мүмкін.

Сол сияқты салқындатылған сүт коктейльдері, квас пен газдалған лимонадтар да ағзаны шөлден құтқара алмайды. Керісінше, бұл тәтті сусындар шөл сезімін күшейтіп, терлеу процесін тежеп, ағзаның қызып кетуіне және сусыздануына себеп болады.

Ағза жазда сұйықтықты көп жоғалтатындықтан, оны дұрыс толтыру қажет. Бұл ретте ең тиімді шешім – таза су, шөп шайы, компот, – деп атап өтті гастроэнтеролог.

Дәрігердің айтуынша, жаз – тек демалыс пен пикниктер мезгілі ғана емес, тағамнан улану жағдайлары жиілейтін уақыт. Сондықтан саяхат кезінде тез бұзылатын өнімдерді тұтынудан аулақ болу қажет. Оларға сүт, сүзбе, қаймақ, жұмыртқа, шұжық, консервілер, майонез қосылған салаттар, кремді торттар жатады.

Оқи отырыңыздар:

  • Дәрігер іштің кебуін күшейтетін өнімдерді атады
  • Әлем бойынша қымбаттаған тауар аталды

Жоғары температура зиянды бактериялардың жылдам көбеюіне себеп болады. Бұл – жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауруы мен дене қызуының көтерілуіне әкелуі мүмкін, – дейді Мельникова.

Маман жолға шыққанда қауіпсіз тамақтану үшін мына кеңестерді ұсынады:

  • Құрғақ жеңіл тағамдар (печенье, крекер);
  • Тек бутилирленген су ішіңіз;
  • Жеке гигиенаны сақтаңыз (тамақ ішер алдында қол жуыңыз);
  • Асты 80-100°C температурада термиялық өңдеуден өткізіңіз;
  • Өнімдердің сақтау мерзімі мен шарттарын қадағалаңыз.