Аудит қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл туралы Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аудит барысында ең қымбат 15 препарат бойынша бюджеттік және нарықтық сегменттегі құн айырмасы 600%-ға дейін жеткені анықталды. Бұл жағдайға басты себеп – тегін амбулаториялық көмекке арналған дәрі-дәрмек заңсыз есептен шығарылып, бөлшек саудада сатылады.
"Мұндай фактілер дәрі-дәрмекті беру және оның айналысын бақылау жүйесінің әлсіздігін көрсетеді", — деді ЖАП төрағасы.
Отандық денсаулық сақтау жүйесінде 1133 клиникалық хаттама қабылданған. Олардың шамамен 70%-ы 5-12 жыл бойы қайта қаралмаған. Бұл – халыққа ескірген медициналық технологиялар бойынша көмек көрсету деген сөз.
Жалпы екі аудиттің қорытындысы бойынша:
- 741 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
- 32 млрд теңгеге қаражаттың тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны;
- 58 млрд теңгеге шығын мен жіберіп алған пайда фактілері анықталды.
Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес факт бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілді.
"Аудит нәтижелері дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласында жүйелі және кешенді проблемалардың барын көрсетеді. Анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар мен Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырмалар берілді. Жоғары аудиторлық палата алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстың ілгерілеуін қадағалап отырады", — деді Әлихан Смайылов.