Оқиға Әбілқайыр хан даңғылы мен В.Пацаев көшесінің қиылысында облыс әкімдігі ғимараты алдында болған.
31 мамыр күні Ақтөбеде 14 жастағы мектеп оқушысын автобус қағып кетті. Ауыр жарақат алған жасөспірім қазір жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Велосипедпен келе жатқан бала бағдаршам сигналына сай жолды кесіп өтпек болғанда, қатты жылдамдықпен келе жатқан №15 бағыттағы автобус оны қағып кеткен. Куәгерлердің айтуынша, оқушы бірнеше метрге ұшып кеткен, ал велосипеді автобус астында қалған.
Зардап шеккен бала №9 мектеп-гимназиясының оқушысы. Оның атасының айтуынша, бала басынан ауыр жарақат алып, бас сүйегі ашылып кеткен. Сонымен қатар 9 қабырғасы сынған, өкпесі мен асқазаны зақымданған.
– Немеремнің жағдайы өте ауыр. Баламды басып кеткен жүргізуші әлі бостандықта жүр. Полиция бізбен байланысқа шыққан жоқ. "Автопарк" ЖШС басшылығы да хабарласпады. Ешкім баланың жағдайын сұрауға келмеді. Жауапты органдардан шара қолдануды сұраймын, – дейді зейнеткер Қожахмет Сарқұлов.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-бөлігі (көлік құралын басқаратын адамның жол жүру ережесін бұзу салдарынан денсаулыққа ауыр зиян келтіру) бойынша іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.
Облыстық полиция департаменті ата-аналарға балаларға жолда жүру ережелерін үйретіп, олардың қозғалысына тұрақты бақылау жасау қажеттігін ескертті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жасөспірім нейрохирургия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын "тұрақты ауыр" деп бағалап отыр.
"Автопарк" ЖШС директоры Ақарыс Тілеулесовтың айтуынша, автобусты 33 жастағы, 8 жылдық тәжірибесі бар жүргізуші басқарған. Ол компанияда 2023 жылдан бері жұмыс істейді. Қазір ол тергеу аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілген.
– Жүргізуші оқиға кезінде 55 км/сағ жылдамдықпен жүрген, ал бұл жол учаскесінде рұқсат етілген жылдамдық – 40 км/сағ. Тергеу аяқталғаннан кейін қорытындыға сай көмек көрсетеміз. Жауапкершіліктен қашпаймыз, – деді Тілеулесов.