Астанада «Бәйтерек» монументінің алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай «Менің Туым» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы .

Елорда әкімдігінің мәліметінше, мерекеде жас спидкуберлер рубик кубигінің 3 000 бөлшегінен Қазақстан Туының инсталляциясын жасады. Бұл іс-шараның басты ерекшелігі болды.

«Бәйтерек» алаңында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен танымал музыкалық композициялар орындалды.

Іс-шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасы ұйымдастырды.

Бүгін біз мұнда патриоттық акция өткізіп отырмыз. Мерекенің басты мақсаты – мемлекеттік рәміздерге құрметті күшейту, патриотизм мен азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, сондай-ақ елорда тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Бірақ іс-шара тек осы инсталляциямен шектелмейді. Мемлекеттік рәміздер күніне орай Астанада көптеген патриоттық акция өтіп жатыр. Мысалы, елордалық мектептердің 10 000-нан астам оқушысы Мемлекеттік әнұранды бір мезетте орындады. Байқоңыр ауданында ерекше музыкалық және би флешмобы өтті, ал қала тұрғындары балкондарына ту ілді, – деді қалалық Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

Мерекелік бағдарлама Мемлекеттік әнұранның салтанатты орындалуымен, шығармашылық ұжымдардың қойылымдарымен, ұлттық билермен, патриоттық әндермен және тақырыптық іс-шаралармен жалғасты.