Жамбыл облысындағы Масаншы ауылында ту тұғыры орнатылды, деп хабарлайды 24KZ. Нысанды Мемлекеттік рәміздер күніне орай ауыл жастары салған . Ашылу салтанатына Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары қатысты. Марат Әзілханов этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесіп, ауыл тұрғындарымен де жолықты.

Қордай ауданында 160 мыңнан аса халық болса, соның 30%-і дүнген этносы. Олардың көпшілігі Сортөбе, Масаншы ауылдарында қоныстанған. Салтанатты түрде ашылған ту тұғыры осы масаншылық жастардың бастамасымен жеке қаржыға салынған. Нысанның биіктігі 23 метр болса, тудың өлшемі 4-те 8 метр.

Марат Әзілханов, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:

- Масаншы топырағы достық пен татулықтың, ынтымақ пен өзара құрметтің мекені деп білеміз. Бұл жерде түрлі этностар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, ел болашағы үшін бірлесіп еңбек етіп келеді. Мемлекеттік рәміздер – барша азаматты біріктіретін бәріміз үшін ортақ құндылық. Осы тудың астында бәріміз бір халықпыз, тағдырымыз бір, болашағымыз бір.

Бұған дейін «Масаншы жастары» ұйымы ауылға өрт сөндіру депосын салып, мектеп оқушыларын тасуға арналған 2 автобус сыйға тартты. Ал Қаракемер ауылының тұрғыны өз ауылына спорт кешенін, мешіт пен балабақша және дәрігерлік амбулатория салып берген. Марат Әзілханов осы нысандарды көріп, ауыл тұрғындарымен кездесті. Одан соң этномәдени бірлестік өкілдері ұйымдастырған мерекелік шараға қатысты.

Айнұр Әбіқай, Қордай аудандық этномәдени бірлестік қауымдастығының жетекшісі:

- Қай ұлт болса да, осындай мемлекеттік шара болсын, жай қоғамдық басқа да іс-шаралар болсын, үнемі кездесіп, жақсы жұмыс істейді. Этномәдени бірлестіктер өзінің ұлттық киімдері, ұлттық билерін, әндерін ұсынып отыр.

Қордай ауданында 30-дан аса ұлт өкілі тұрады. 5 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр. Олар бүгінде сан салада қызмет етіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосып отыр.

Дамира Сүгірбай, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

- Жыл басынан бастап бізде ассамблеяның 30 жылдығы аясында этнос өкілдері, яғни этномәдени бірлестіктердің ұйытқы болуымен ақпан айының өзінде 12 шара өткен болатын. Бұл әр ай сайын жалғасып жатыр. 300-ден аса шара ұйымдастырылды.

Ассамблеясы төрағасының орынбасары облысқа сапары соңында аудан жастарымен кездесті. Жиында қоғамдық жұмысқа белсенді қатысып жүрген ассамблея жастары марапатталды.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә