Келісімшарт талаптарының бұзылуына байланысты министрлік соттан әскери оқуға жұмсалған қаражатты өндіруді сұрады.

Семей гарнизонының әскери сотына ҚР ҚМ "Астана қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті" РММ-і бұрынғы әскери қызметші М.-ның оқуы үшін жұмсалған 1 миллион теңгеден астам қаражатты өндіру туралы өтінішпен жүгінді.

Іс материалдарынан анықталғаны бұрынғы әскери қызметші М. ҚР ҚМ Құрлық әскерлері әскери институтында оқу кезеңінде 10 жыл әскери қызмет атқару туралы келісімшартқа отырған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Ал 2024 жылғы шілде айында М. оғаш қылығы үшін әскери қызметтен босатылған.

Қазақстан Республикасының Заңының 26-бабының 10-тармағына және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 20 шілдедегі № 372 бұйрығымен бекітілген "Әскери оқу орындарында, әскери факультеттерде әскери қызметшілерді оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу ережелері" негізінде, сот М.-дан мемлекет пайдасына 1 млн теңгеден астам бюджет қаражатын өндірді.