Енді Жамбыл облысында агроном мамандар даярланады, деп хабарлайды 24KZ. Президенттің жұмысшы мамандықтарын қолдау тапсырмасы аясында Шу қалалық колледжінде алғаш рет агроном мамандығы ашылды. Онда алғашқы жылда 50 талапкер қабылданады. Жалпы аймақта ауыл шаруашылығы мамандарына сұраныс артып келеді.
Шу колледжі биылдан бастап агросала мамандарын дайындайды. Жаңа мамандыққа 50 грант берілгелі отыр. Онда агроном болам деген 9-11-сыныпты аяқтаған талапкерлер қабылданады. Олар 3 жыл бойы жер қыртысын зерттеп, топырақтың құнарлығын анықтау тәсілдерін меңгереді. Тіпті мықты маман болу үшін аптасына үш рет алқап басында тәжірибелік сабақтардан өтеді.
Тоғжан Мұсаева, колледж директоры:
- Бұның барлығы – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауымен, қолдауымен болып жатқан іс-шара. Осы 2025 жылы бізге «Қызыл жер» компаниясының септігі тиіп, агрономия мамандығын ашып отырған жайымыз бар. Бүкіл зертхана кабинетін, оқулығынан бастап түгел партасына дейін жасақтап берді. Жалпы облыс бойынша колледждердің ішінен осы Шу колледжі ғана инвестициямен мамандық ашып отыр.
Жамбылда өткен оқу жылында жұмысшы мамандықтарына 4,5 мың грант бөлінді. Бұл көрсеткіш жыл санап артпақ. Себебі аймақта әлі де токарь маманы, техник-геодезист пен ауыл шаруашылығы, құрылыс саласының мамандары жетіспейді. Жалпы аймақта 28 мың студент болса, оның жартысына жуығы осы жұмысшы мамандығында білім алып жатыр. Олардың біліктілігін арттыру үшін алдағы уақытта арнайы алаңдар ашылмақ.
Айбар Сапарғали, облыстық Техникалық және кәсіптік білім беру орталығының директоры:
- Өңірде салалық кешен ашу жұмыстары 6 колледж базасында қолға алынбақ. Бұл кешендерде оқу жұмыс бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесе отырып жасалынады және де осы өндірістік оқытудан өткен білімгерлер жаңа жұмыс орындарына жақсы бейімделеді. Ағымдағы жылдың шілде айында Жамбыл инновациялық жоғары колледжінде 1С сертификаттау орталығы ашылады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыстағы 28 колледжде дәнекерлеуші, электрик, автокөлік жөндеуші, экскаваторшы, наубайшы, кондитер сынды 49 жұмысшы мамандығын даярлайды. Оларды жұмыспен қамту үшін оқу орындары кәсіпорындармен серіктестік орнатқан. Соның есебінен оқу бітірген мамандардың 90%-і жұмыспен қамтылып отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділді