Жасанды интеллект – XXI ғасыр дәрігерінің сенімді серігі. Алматыдағы Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінде өткен ANaMed Forum – New Generation 2025 іс-шарасы медицинадағы жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналды.
Қатысушылар ондаған технологиялық шешім ұсынды. Атап айтқанда, тері ауруларын анықтайтын мобильді қосымша, бастапқы диагностикаға арналған цифрлық бағдарлама және бұдан өзге алты жоба 350 миллион теңге көлемінде қаржыландыруға ие болды.
Биыл Қазақ Ұлттық медицина университетінің құрылғанына 95 жыл. Ғасырға жуық уақытта білім ордасын 100 мыңнан астам маман бітіріп шықты. Мерейтойға орай еліміздің үздік клиникаларында, шет елдерде табысты еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен зерттеушілер де бас қосты.
Раиса Корокина, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ түлегі:
- Дәл 60 жыл бұрын Владивостоктан әскери жолдамамен келіп, Педиатрия факультетіне түстім. Еңбек жолымды дәрігер болып бастап, кейін бірінші балалар ауруханасында жұмыс істедім. Көп жыл Қазақстанда еңбек еттім. Осы кездесуге 6000 шақырымды артқа тастап, Минскіден келдім.
Убайдилла Датхаев, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры:
- Бүгінгі іс-шараны біз ұйымдастыру себебіміз біздің университетті бітірген түлектер шет елдерде үлкен қызметтерді атқарып жатыр. Олар өзінің ұшқан ұясын әрқашан ұмытпай, еске алып тұрады. Сондықтан біз бір күнде осындай шара өткізіп, оларға бір мереке жасап, олармен сұхбаттасып, бір-бірімен кездескенін қалап, осындай іс-әрекет жасап отырмыз.