Ақмола облысында жазғы туристік маусымның ресми ашылуы өтті. Биыл Шучинск-Бурабай курорттық аймағында бір миллионнан астам қонақты қабылдау жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жергілікті биліктің айтуынша, жазғы маусымда туристерді қабылдауға Шучинск-Бурабай курорттық аймағы жан-жақты дайындық өткізген. Демалушылар үшін ойын-сауық және отбасылық демалыс аймақтары, су спорт түрлеріне арналған кешендер, балаларға арналған сауықтыру-курорттық демалыс орындары жұмыс істейді.
Жүкей көлінің маңында экоглэмпингтер арнайы дайындалған. Ірі туристік нысандарда барлық қонақ үйлер жұмысын бастап, олардың аумағында бассейндер мен ойын-сауық алаңдары жабдықталған. Сонымен қатар туристер үшін арнайы пикник аумақтары, жағажайлар мен көрініс алаңдары қарастырылған.
Биыл наурыз айында Шучинск-Бурабай курорттық аймағын 2029 жылға дейін дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілді. Ол туристік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 118 іс-шараны қамтиды. Бұл өз кезегінде курорттық аймақты жаңадеңгейге көтеріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді Ақмола облысы Туризм басқармасының басшысы Андрей Подгурский.
Бұдан өзге биыл этнотуризм мен агротуризм бағыттарын дамытуға баса назар аударылмақ. Бурабай ауданында бұл бағытта бірнеше табысты жоба іске асырылуда. Олардың қатарында марал өсіру шаруашылығы, ара шаруашылығы музейі, ірімшік зауыты, қымыз бен шұбат өндіретін кәсіпорындар бар.
Жазғы туристік маусымның ашылуына орай Бурабайда «SUMMER BURAVIBE-2025» фестивалі өтті. Аталған іс-шараға жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік және отандық туристерден құралған 1500-ден астам адам қатысты. Фестиваль аясында қонақтар үшін тегін фотосессиялар, қолөнер ойындары ұйымдастырылған ойын-сауық аймақтары, бейнероликтер түсіруге арналған интерактивті алаңдар жұмыс істеді. Сонымен бірге жергілікті өндірушілердің ұлттық және экзотикалық тағамдары ұсынылды. Фестивальдің басты бөлігіне танымал өнерпаздар мен музыкалық топтардың, атап айтқанда Ghetto Dogs, Артур, Беркут, DJ Puza және DJ Old Boy сынды орындаушылардың өнер көрсетуі айналды.