1 маусым күні Таразда өткен кәсіби бокс кеші күтпеген дауға ұласты.

Чилилік боксшы Даниэла Асенхо мен оның жаттықтырушысы Алехандро Конча қазақстандық Ангелина Лукаспен болған жекпе-жекке қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Sports kz.

Олардың айтуынша, қоқан-лоқы мен қысымның салдарынан Асенхо жекпе-жекті әдейі тоқтатуға мәжбүр болған.

IBO тұжырымы бойынша екінші жеңіл салмақтағы әлем чемпионы атағы сарапқа салынған бұл кездесуде Асенхо жетінші раундқа шығудан бас тартты. Ресми түрде арқасынан алған жарақат себеп болды деп жарияланды. Алайда оқиғаның астарында спорттан тыс, шынайы қауіп-қатер мен үрей жатқан көрінеді.

Grupo DiarioSur басылымына берген сұхбатында Асенхо мен Конча Қазақстанға жету сәтінен бастап қысымға ұшырағанын айтады. 28 мамырда Чилиден ұшып шыққан олар Сан-Паулу мен Ыстамбұл арқылы жолға шығып, соңында ұйымдастырушылардың нұсқауымен Өзбекстан арқылы Таразға жеткен. Автокөлікпен алты сағаттық жол жүріп, бір күнге кешіккен.

Кончаның пайымынша, дәл осындай бағыт олардың акклиматизациядан өтуіне мүмкіндік бермей, әлсірету үшін арнайы жоспарланған. Қонақүйге орналасып, демалуға тырысқан сәтте бөлмеге жекпе-жек промоутері келген. Азаматтың түрі әзербайжандық болған. Ол жатын орынға доллар шашып, гонорардың бір бөлігін ұсыныпты. Бірақ ең бастысы аудармашы қосымшасы арқылы айтылған сөзі: “Асенхо бүгін жеңбейді”.

Келесі сәтте айтылған сөз мүлде басқа деңгейде: “Егер ол жеңсе, менің өміріме қауіп төнеді. Мойнымды кеседі. Ал сіздер Қазақстаннан ешқашан шыға алмайсыздар”. Бұл хабарламаны Конча телефонына сақтап қойғанын айтады.

“Біз елден тірі шыға аламыз ба, жоқ па — соны да білмедік. Билетіміз де жоқ еді. Табытпен кетеміз бе, ізім-ғайым жоғаламыз ба — нақты ештеңе болжау мүмкін емес еді”, — дейді ол.

Жекпе-жек қарсаңында тағы бір күмәнді жағдай тіркелді. Ережелерді таныстыру мен қолғап тарату кезінде қарсыласы Лукасқа берілген қолғаптар бұрыннан ашылған болып шықты. Асенхо оларды тексергісі келгенімен, рұқсат берілмеген. Сонымен қатар, жаттықтырушы қарсыластың бинттеу процесіне қатыса алмаған — бұл кәсіби бокста әдеттегі іс.

Жекпе-жекке IBO инспекторы ретінде Польшадан өкіл келген, төрешілер Испания мен Румыниядан болған. Бірақ Кончаның айтуынша, ол кеште спорт емес, қорқыныш билік құрған.

“Біз тек жекпе-жек тез аяқталып, аман-есен Чилиге оралуды тіледік. Бар арманымыз бұл оқиғаны ұмыту”, — дейді ол.

Асенхо мен Конча IBO-ға ресми шағым түсіріп үлгерді. Ұйым тарапынан тағы бір реванш өткізу ұсынылды. Алайда чилиліктер бас тартты.

“Біз мұндай адамдармен жұмыс істегіміз келмейді”, — дейді Асенхо.

Олар сондай-ақ өз елінің үкіметіне реніш білдірді. Чили тарапы олармен байланыс орнатып, тіпті спорттық атташе де жібермеген. Тек Ресейдегі Аргентина елшілігінің консулы араласып, Қазақстандағы іс-қимылды түсіндіріп көмектескен.

“Біздің осынша еңбегімізге өз елімізде ешкімнің құрмет көрсетпейтіні қынжылтады”, - деп түйіндеді Конча.

Айта кетейік, BoxRec дерегіне сүйенсек Тараздағы бокс кешінің ресми промоутері Тариэль Джафаров.