Атырау облысында автогаз және жанар-жағармай құю бекеттері жаппай тексеріледі. Бұған түрткі болған — Құлсарыдағы жанармай бекетінде болған жарылыс.
Жалпы өңірде 125 жанар-жағармай құю бекеті бар. Одан бөлек 101 бекет автогаз сатады. Олардың 56-сы Атырауда орналасса, қалған 45 станция аудандарға тиесілі, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен жиында қала және аудан әкімдіктеріне өз аумақтарында орналасқан станциялардың тізімін жасақтау, олардың орналасқан жері және қауіпсіздігі бойынша тексеріс жұмыстары тапсырылды. Адам өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, ұсыныстарды әзірлеп, соның аясында жұмыс істеу ТЖД мамандарына жүктеліп отыр.
Бүгінде Жылыой ауданы Құлсары қаласы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетінде болған өрттің себебін анықтау үшін комиссия жұмыс істеп жатыр. Тергеу ісі бір ай көлемінде жүргізілмек, қажет болған жағдайда тағы қосымша уақыт беріледі.
Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтың айтуынша, өртенген бекет жобалау құжаттарынсыз жұмыс істеген және "Азаматтық қорғау туралы" заңының 77-бабына сәйкес департаментке тіркелмеген. Мұны мамандар станцияның тұрғын үй секторына жақын орналасуымен байланыстырып отыр.
– Барлық жұмыс заң талаптарына сай істеледі. Қала және аудан әкімдіктері тек газ құю бекетін емес, жанар-жағар май құятын объектілердің барлығын тексеруі керек. Қала бойынша бекеттердің қай жерде орналасқаны туралы негізгі тізім бар. Бізге қазір адамдардың өміріне қауіп төндіріп тұрған нысандарды анықтап, комиссиямен аумақтарды қарап, ұсыныс енгізуіміз қажет, – деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев.
Жиын барысында өңірде тіркелген дала өрттеріне қатысты бірқатар мәселе талқыланды. Құрманғазы ауданында орман алқаптарын ұлғайту мақсатында қосымша 500 гектар жер бөлініп жатыр. Осы жылдың күзінен бастап сол учаскелерге тал-терек егілмек. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов биыл Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарына өрт мұнарасы қойылатынын айтты. Және өрт сөндіру көліктері мен 4 дрон сатып алу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бір апта бұрын Құлсарыда жанармай бекетінде жарылыс болып, екі адам қаза болып, 14 адам зардап шекті. Жойқын жарылыстан көз жұмған ерлі-зайыптылардың артында 4 баласы қалды.