Жеңіс Қасымбек, сондай-ақ, қаржылай көмек көрсетілетінін хабарлады .

Елордада автобустың жол апатына түсуі салдарынан екі аяғынан айырылған қыздың отбасына әкімдік тарапынан баспана беріледі. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты6 деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі.

"Ол кісіге, қызына, отбасына бірнеше рет менің әріптестерім, оның ішінде орынбасарым барды. Кеше балалар омбудсмені барып қайтты. Бүгін де түске таман орынбасарым сол кісілермен бірге тағы барады. Көмек жағына келер болсақ, сақтандыруы 20 млн теңге шамасында және әкімшілік 10 млн теңге берді. Қосымша 10 млн теңге береміз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар баспана мәселесін шешіп береміз. Оны сіздерге ресми түрде айтып отырмыз. Баспана мәселесі шешіледі", – деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.

Еске салайық, 2 маусымда Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соғылды. Жедел медициналық жәрдем бригадалары қала стационарларына барлығы 15 адамды жеткізді. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылды. Жол апаты кезінде зардап шеккен қыз баланың аяғына ампутация жасалды.