Instagram-да жасөспірімдерге арналған қауіпсіз аккаунттар іске қосылмақ. Meta компаниясы бұл бастаманы Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырмақ. Жаңа функциялар кибербуллингтің алдын алып, зиянды контентті шектеп , интернеттегі уақытты бақылауға мүмкіндік береді.
Цифрлық дәуірде кибербуллинг – жасөспірімдер үшін өзекті мәселеге айналды. Көптеген бала қысым көргенімен, бұл туралы ашық айтуға қорқады. Солардың бірі – 9-сынып оқушысы Айша Нұрұш.
Айша Нұрұш, 9-сынып оқушысы:
Қазіргі таңда балаларды бопсалау, кемсіту, буллинг, кибербуллинг жайлы ақпараттар өте көп. Негізі кішкентай сыныптарда көп болған. Оны мен ата-анама айтуға қорқатынмын. Сондықтан балаларға айтарым, ең алдымен ата-анаға қарым қатынас жақсы болу керек.
Булингтен бөлек, балаларға жасына сай емес контенттер де қауіп төндіріп тұр. Ресми дерекке сүйенсек, олардың 15%-ы күн сайын жағымсыз контент көреді. Бұл – психологиялық қысымға алып келетін фактор,-дейді мамандар.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Дүниежүзінде конвенция қабылданбақшы. Ол интернет қылмысына қатысты конвенция қабылданып жатыр. Ол біздің ҚР ратификацияға қазір ұсынылып жатыр. Екінші мәселе – тосқауылдар қою. Жүйелі қосымшалар жасалынып жатыр.
Енді Instagram-да 16 жасқа дейінгі балаларға арналған «жасөспірімдер аккаунты» енгізілмек. Жаңа функциялар арқылы контент сүзгіден өтіп, бөтен адамдармен байланыс шектеледі. Сондай-ақ балағат сөздер автоматты түрде бұғатталып, «ұйқы режимі» қосылады. Яғни кешкі 22:00-ден таңғы 07:00-ге дейін желіге кіруге болмайды.
Приянка Балла, Meta компаниясының өкілі:
Бұл аккаунттарда хабарламаларды шектеу, контентке бақылау орнату және экран алдында өткізілген уақытты реттеу функциялары қарастырылған. Жоба – халықаралық зерттеулер мен ата-аналар пікірі негізінде жасалды.
Ілияс Есмағұлов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі комитет басшысының орынбасары:
Бұл бастама — шектеу емес. Керісінше өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, дұрыс көзқарас қалыптастыруда, ең әуелі бала қауіпсіздігін сақтауда маңызды құрал болмақ. Сондықтан бастаманы оңынан қабылдағанымыз жөн.
Ал ата-аналар баланың кіммен сөйлесіп жатқанын бақылай алады. Жоба жақын арада іске қосылады. Қазір жан-жақты талқылау жүріп жатыр.
Динара Жарқынбек