Бұл кәсіпорында жұмысшылар үшін қауіпті жағдай анықталған жағдайда мүмкін болмақ.
Мемлекеттік инспекторларға қауіпті еңбек жағдайлары кезінде кәсіпорындардың қызметін тоқтата тұру құқығы беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Еңбекті қорғауды қамтамасыз ету механизмдері үнемі дамып отырады және кей жағдайларда жедел әрекет етуді әрі дереу шешім қабылдауды талап етеді.
Кәсіпкерлік кодекстің міндетті реттеушілік әсерді талдау және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен келісу тәртібіне қатысты жекелеген ережелері жедел әрекет ету мүмкіндігін шектейді. Министрлік жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда рәсімдерді құқытық тұрғыдан оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірледі. Жоспардан тыс тексерулер кезінде тексеру парақтарын қолдану жеке мәселе болып саналады", — деді министр.
Ведомство олардың жоспарлы тексерулерде қолданылуының қажеттілігін толық қолдап отыр.
"Алайда жоспардан тыс, әсіресе жұмыскерлер мен кәсіподақтардан шағымдар түскен жағдайларда, бұл практика еңбек инспекторларының әрекеттерін шектейді. Егер жұмыскер көрсеткен бұзушылық бекітілген тексеру парағына енгізілмесе, инспектор шара қолдануға құқығы жоқ. Ал барлық жағдайды тексеру парақтарымен толық қамту мүмкін емес. Осыған байланысты Министрлік заңнамаға тиісті түзетулерді әзірледі", — деді Светлана Жақыпова.
Аталған бағытта:
- жұмыс берушіні тексеру туралы міндетті хабарлау рәсімінен бас тарту;
- өмірге қауіпті жағдай анықталған кезде жұмысты тоқтату құзыретін беру;
- жоспардан тыс тексерулер кезінде шектеулі тексеру парақтарынан бас тарту ұсынылады.
"Бұл бастамалар формалды тәсілді жоюға және инспекциялық қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған. Заңға тиісті түзетулер келісу кезеңінен өтуде", — деді ведомство басшысы.