Халықаралық еңбек ұйымы оқу орталығының филиалы ашылады.
Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының жобалық офисі жұмысын бастайды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанға алғаш рет Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас директоры ресми сапармен келді. Бұл сапар еліміздің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді сақтау жолындағы күш-жігерін мойындаудың символына айналды. Нәтижесінде Қазақстанда Халықаралық еңбек ұйымының жобалық офисін ашу туралы келісімге қол жеткізілді. Бұдан басқа, Еңбек ресурстарын дамыту орталығы базасында Халықаралық еңбек ұйымының Туриндік оқу орталығының филиалын ашу бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз", — деді Светлана Жақыпова Үкімет отырысында.
Халықаралық еңбек ұйымы оқу орталығының филиалын ашу бірқатар мүмкіндіктер береді деп күтілуде.
"Шетелге шығуды қажет етпестен еңбек қауіпсіздігі мамандарын жүйелі және сапалы дайындауды ұйымдастыруға, халықаралық озық тәжірибені ескере отырып ұлттық кадрлардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар арасындағы институционалдық байланыстарды нығайтуға, Орталық Азияда еңбек қорғау саласындағы аймақтық құзырет орталығы ретінде Қазақстанның рөлін күшейтуге жол ашады", — деді ведомство басшысы.