Корея Республикасының астанасы Сеулде өткен Seoul International Tourism Fair (SITF 2025) көрмесіне 800-ге жуық осы саланың өкілдері, соның ішінде ұлттық туристік агенттіктер, туроператорлар және 70 елдің қонақ үй желілері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Маусымның 5-8 аралығында өткен Азиядағы ең ауқымды көрмелердің бірінде Алматы бұрышы келушілер мен сарапшылардың назарын ерекше аударып, көрме соңында «SITF 2025 стендінің үздік дизайны» құрметті марапатына ие болды.

Көрме қонақтары домбырашылардың өнерін, қолданбалы өнер шеберлерін, қазақ ұлттық киімдері қойылған фото және гастрономиялық аймақтарды қамтитын бай интерактивті бағдарламаның арқасында Алматының қазақ мәдениеті мен рухының ауанын тамашалай алды.

Стендтің жеке ерекшелігі иммерсивті маркетингті қолдану десек, онда келушілер VR-көзілдірік арқылы Алматыға виртуалды саяхат жасай алады.

«SITF 2025 көрмесіне қатысу Алматыны Оңтүстік Корея мен халықаралық нарықта бірегей туристік бағыт ретінде ілгерілетудегі маңызды қадам болды. Іс — шара барысында қазақстандық және шетелдік туроператорлар арасында B2B кездесулер өткізіліп, қаламызға 21 мыңға жуық туристті тартуды көздейтін ынтымақтастық туралы 30 келісімшартқа қойылды», дейді Алматы қалалық Туризм басқармасының талдау және стратегиялық жоспарлау бөлімінің басшысы Мақпал Әбдіқадыр.

Өз кезегінде көрме қонақтары Алматыға үлкен қызығушылық танытқан

«Біз үшін Орталық Азиядағы осы әсем қала өте қызықты туристік бағыт. Меніңше, Алматы — таулардың етегіндегі бірегей қала әрі оның заманауи дамуы ұлттық рухқа өте бай екен. Бір кезде осы ару қалада боламын деп үміттенемін», деп өз ойымен бөлісті Сеул тұрғыны Ким Джиюн.

Осы арада оңтүстік кореялық туристердің Алматыға деген қызығушылығы жыл сайын артып келе жатқанын, 2024 жылы Корея Республикасынан келген туристер саны 20114 адамға дейін көбейіп, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3,2%-ға артық екенін атап өткен жөн.