Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лос-Анджелестегі Қазақстан азаматтарын эвакуациялау қажеттігі жоғын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Лос-Анджелесте жағдай бақылауда.

– Әуежайлар қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Бізге азаматтар тарапынан эвакуация туралы ешқандай өтініш түскен жоқ. Сондықтан, ешкімді эвакуациялау жоспарланбаған, – деді министрлік өкілі.

Сондай-ақ, Айбек Смадияров АҚШ-та ақпарат құралдарының тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, сондықтан әрбір азамат өз қауіпсіздігін өзі бағалап, ақпаратты дер кезінде ала алатынын айтты.

– Біз әр адамға жеке бағыт-бағдар беретін нұсқаушы емеспіз. Шетелге жол жүріп бара жатқан әр азамат өз маршрутын, баратын елдегі ахуалды алдын ала зерттеуі қажет. Бұл – қауіпсіздік шарасының маңызды бөлігі, – деп қосты ол.

Айта кетейік, 6 маусым күні Калифорнияның оңтүстігінде жүргізілген иммиграциялық рейдтерден кейін Лос-Анджелесте жаппай наразылықтар басталды.

АҚШ билігі заңсыз иммиграциямен күрес шаралары аясында рейдтер жүргізген. Кей аудандарда халық пен иммиграциялық қызмет (ICE) арасында қақтығыстар орын алып, арнайы құралдар қолданылған.

8 маусымда АҚШ Президенті Дональд Трамп қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Лос-Анджелеске Ұлттық гвардия күштерін жіберді. Соңғы деректерге сәйкес, наразылықтар кезінде 56 адам ұсталған.