Солтүстік Қазақстан облысының диқандары биыл 4,5 млн гектар алқапқа дәнді дақыл екті, деп хабарлайды 24KZ. Қазір егін егу науқаны аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына 12 мың техника шығарылды. Шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Жанар-жағармай арзан бағамен берілді.

Биылғы егін егу науқаны диқандар үшін оңайға соққан жоқ. Мамыр айында жауын-шашын жылдағыдан 3 есеге көп түсіп, көктемгі дала жұмыстары кеш басталды. Бірақ несібесін жерден тапқан шаруалар әр ашық күнді қалт жібермей, бәрін мерзімінде аяқтады. Оған мемлекеттің қолдауы да сеп болды.

Ерғали Ғабдулин, серіктестік директоры:

- Мемлекет тарапынан көп көмек көрсетілді. Былтырғы субсидия толық төленді. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына алдын ала 3%-пен несие берілді. Оған тыңайтқыш пен жанар-жағармай алдық. Қаржыландыру жағынан мәселе болған жоқ.

Биыл жергілікті диқандарға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге Үкімет тарапынан «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 93 млрд-қа жуық теңге бөлінді. Сонымен қатар жеңілдетілген бағамен 52 мың тонна дизель отыны үлестірілді.

Дәурен Тоққожынов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл өңірде егін шаруашылығы әртараптандырылып, майлы дақылдар алқабы 86 мың гектарға ұлғайтылды. Оның ішінде күнбағыс, зығыр және рапс егілді.

«Өңірде көктемгі дала жұмыстары мерзімінде аяқталды», – дейді мамандар. Енді егістік алқаптарына тиісті күтім керек. Ол үшін шаруаларға 400 мың тоннаға жуық тыңайтқыш беріледі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков